Иран 2026 жылғы Әлем чемпионатындағы базасын қауіпсіздік мақсатында Мексикаға ауыстырды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран футбол федерациясының президенті Меһди Тадж елінің ұлттық құрамасы ФИФА-дан 2026 жылы өтетін футболдан әлем біріншілігі кезіндегі дайындық базасын Америка Құрама Штаттарынан Мексикаға ауыстыруға ресми рұқсат алғанын мәлімдеді.
Меһди Тадж: «Стамбұлда ФИФА өкілдері және әлем чемпионатының ұйымдастырушыларымен өткен кездесулерден және Тегеранда ФИФА-ның Бас хатшысымен онлайн форматында өткізілген жиынның нәтижесінде, команда базасын АҚШ-тан Мексикаға көшіру туралы біздің өтінішіміз қанағаттандырылды», -деді.
Иран футбол құрамасының жаттығу базасы бастапқыда Аризона штатындағы Тусон қаласында орналасуы тиіс болатын. Алайда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы басқыншылығына және АҚШ визасын алудағы қиындықтар мен қауіпсіздік мәселелеріне орай базаны көшіру туралы келіссөз жүргізілді. Иран футбол федерациясының мәліметінше, енді Иран ұлттық құрамасы АҚШ шекарасына жақын Мексиканың Тихуана қаласында орналасады.
Әлем чемпионаты сынды ірі додаларда дайындық базасын таңдау — стратегиялық маңызға ие. Бұл тек жаттығу алаңы мен қонақүйді анықтау емес, сонымен қатар спортшылардың психологиялық жай-күйіне, қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін фактор. Осыған орай, Иран бұл шешімді турнир ұйымдастырушыларымен тығыз үйлестіре отырып қабылдады.
Иран футбол федерациясы Тихуана қаласында ұлттық құрама үшін барлық қажет жағдайдың жасалғанын ресми түрде мәлімдеді.



















