Иран футбол федерациясы (FFIRI) 2026 жылғы Әлем чемпионатының топтық кезеңінің жеребе тарту рәсіміне қатысудан бас тартты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұған Америка Құрама Штаттары билігінің Иран делегациясының бірнеше мүшесіне виза бермеу туралы шешімі себеп болған. Бұл туралы Иран футбол федерациясының баспасөз хатшысы Әмір Меһди Әлави мәлімдеді.
Әмір Меһди Әлави: “Біз ФИФА-ға бұл шешімнің спортқа еш қатысы жоқ екенін хабарладық. Сондықтан Иран делегациясының мүшелері Әлем чемпионатының топтық кезеңінің жеребе тарту рәсіміне қатыспайды”, — деді.
Иран құрамасы Әлем чемпионатында қатарынан төртінші рет ойнайды. ФИФА рейтингінде команда әлем бойынша 20-орында тұр. Әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді.
Әлем чемпионатының топтық кезеңінің жеребе тарту рәсімі 5 желтоқсанда Вашингтон қаласындағы The Kennedy Center кешенінде өтеді.
2026 жылғы Әлем чемпионатына 48 құрама қатысып, 12 топ құрылады.



















