Иран Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Мохсен Резаи Тегеранның соғысты тоқтату және Ормұз бұғазын ашу жөніндегі жеті шартына АҚШ-тың берген жауабының жеткіліксіз екенін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Резаи X әлеуметтік желісінде жазды.
Мохсен Резаи Вашингтонның Тегеран қойған шарттардың кейбірін қабылдағанын, алайда бұл жауап Иранды қанағаттандырмайтынын атап айтып: «АҚШ Иранның жеті шартының кейбірімен келісті. Дегенмен біз олардың жауабын жеткіліксіз деп санаймыз», – деді.
Сондай-ақ, ол Иранның дипломатиялық ұстанымы өзгергенін және бұрынғы жағдайға қайта оралу мүмкін еместігін баса айтты.
Бұған дейін Мохсен Резаи Press TV телеарнасына берген сұхбатында АҚШ жауабының жеткенін растаған болатын. Резаи қойылған шарттар орындалмаса, Ормұз бұғазы ашылмайтынын әрі келіссөз де жүргізілмейтінін атап айтты: «Америкалықтар өз жауабын берді. Олар шарттарымыздың кейбірімен ішінара келісті, ал басқа мәселелер бойынша әлі де түсініксіз жайттар бар», – деді.
Иран Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Тегеран мен Вашингтонның бұған дейін үш рет келіссөз жүргізгенін еске салды. Оның сөзінше, әр келіссөз сайын АҚШ өкілдері үдерісті орта жолдан үзіп, кейін Иранға шабуыл жасап отырған.
Резаи: «Сондықтан біз бұрынғы дипломатиялық тәсілдерге қайта оралмаймыз. Келісімге өзі қол қойып, кейін одан бас тартатын тараппен қарым-қатынас орнату үшін дипломатияның өзге әдістерін қолдану қажет», – деді.
Сонымен қатар Резаи Тегеранның дипломатиядан ешқашан бас тартпайтынын, тек оны жүргізу тәсілдерін өзгерткенін атап айтты.
Бұған дейін Иран АҚШ өз талаптарын орындаған жағдайда ғана Ормұз бұғазын қайта ашуға және келіссөздерді қайта бастауға дайын екенін мәлімдеген еді. Тегеранның басты талаптарының қатарында теңіз блокадасын тоқтату және Иран мұнайын сатуға қойылған шектеулерді алып тастау бар.


















