Иранның оңтүстік-батысындағы порттар арқылы көмір жеткізу тасымалдау шығындарын азайтады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы “РусИранЭкспо” компаниясының директоры Александр Шаров “Солтүстік-Оңтүстік” III халықаралық форумы барысында сөйлеген сөзінде айтты.
Александр Шаровтың айтуы бойынша, “Солтүстік-Оңтүстік” халықаралық көлік дәлізіне қатысушы елдер арқылы көмірді транзитпен жеткізу және оны Иран порттары арқылы жөнелту тасымалдау шығындарын азайтып, отынды Оңтүстік Азияға жеткізуде тиімді етеді.
Мұның алдында “Солтүстік-Оңтүстік” Каспий халықаралық интеграциялық клубының директоры Дмитрий Дубовик Үндістанға көмір жеткізу бағытының сынақтан өткенін айтты.
Дмитрий Дубовиктің айтуы бойынша, көмір теміржол арқылы Кемероводан Парсы шығанағындағы Иран портына жеткізіліп, одан Үндістанға жөнелтілген.
“РусИранЭкспо” компаниясының директоры Александр Шаров: “Ресей Парсы және Оман шығанақтарындағы Иранның Бандар-Аббас және Чабаһар порттары арқылы жүк айналымын ұлғайта алады. Бұл экспорттың қосымша көлемі. Егер біз көмірді дәстүрлі бағыттармен Қара теңіз немесе Қиыр Шығыс порттары арқылы тасымалдасақ, онда Оңтүстік Азияға жеткізу үшін тиімсіз болады. Ал егер оны халықаралық көлік дәлізі арқылы бірден оңтүстікке жеткізіп, тиімді теміржол тарифтеріне қол жеткізсек, онда біз Иран, Пәкістан, Үндістан, тіпті Индонезия нарықтарына шыға аламыз”,-деді.
Александр Шаров Ресей үшін жаһандық нарықтар әлі де кейбір салаларда дамымағанын, транскаспий халықаралық бағытты дамыту арқылы тауар айналымын 80 миллион тоннаға дейін арттыруды болжауға болатынын айтты.

















