Иран Президенті Масуд Пезешкиан мен СІМ басшысы Аббас Арақчи Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының жыл сайынғы сессиясына қатысады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи кеше, жұма күні БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясына қатысу үшін Тегераннан Нью-Йоркке аттанды.
Иран СІМ басшысы Аббас Арақчи Нью-Йоркке сапары барысында әріптестерімен бірқатар кездесу өткізеді.
Иран Президенті Масуд Пезешкиан да ертең, 22 қыркүйек күні Нью-Йоркке БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясына қатысу үшін барады.
Масуд Пезешкиан 24 қыркүйек күні БҰҰ Бас Ассамблеясында сөз сөйлейді. Онда Пезешкиан әртүрлі мәселелер бойынша Ислам Республикасының көзқарастары мен ұстанымдарын баяндайды. Сонымен қатар, Пезешкианның «Болашақ саммитіне» қатысуы, АҚШ-тағы Иран диаспорасының өкілдерімен, БАҚ өкілдерімен кездесуі, сондай-ақ, бірқатар мемлекеттердің басшыларымен келіссөздері жоспарланған.
Айта кетейік, Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясы сейсенбі, 24 қыркүйек күні ашылады. Жыл сайынғы пікірталас 24-28 қыркүйек аралығында, сондай-ақ, 30 қыркүйек өтеді. Биыл сессия аясында алғаш рет «Болашақ саммиті» өтеді. Саммитте бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздік мәселелері талқыланады.



















