Иран БҰҰ-ның киберқылмыспен күрес жөніндегі конвенциясына қол қойды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Ваһид Джалалзаде Вьетнамның Ханой қаласында БҰҰ-ның киберқылмыспен күрес жөніндегі конвенциясына қол қойды. Бұл туралы Джалалзаде X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазып: “Мен бүгін Иран Ислам Республикасы атынан осы конвенцияға қол қойдым”, — деді.
Ваһид Джалалзаде Иран Ислам Республикасының халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде соңғы төрт жылда осы конвенцияны әзірлеуде сындарлы рөл атқарғанын атап айтты.
Айта кетейік, Вьетнамның Ханой қаласында киберқылмыстың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл жөніндегі алғашқы халықаралық конвенциясына 65 мемлекет қол қойды.
Конвенцияның басты мақсаты ақпараттық-коммуникациялық технологияларды теріс пайдалану арқылы жасалатын лаңкестік, адам саудасы, қаржы алаяқтығы және есірткі контрабандасы сияқты қылмыстарға қарсы әрекет ету болып табылады.



















