Иран Украинадағы дағдарысты шешуге арналған екі қарарға дауыс беруде қалыс қалды.
Еуразия Тудейдің хабарлауынша, Иран Ислам Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі Украинадағы дағдарысты шешуге арналған “Украинада жан-жақты, әділ және тұрақты бейбітшілікті ілгерілету” және “Бейбітшілікке апарар жол” деп аталатын екі қарар бойынша дауыс беруде қалыс қалғаннан кейін мәлімдеме жасады. Онда Украина мәселесі бойынша өзінің негізгі ұстанымдары егжей-тегжейлі баяндалған.
Иранның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі дүйсенбі күні Украина дағдарысына қатысты ұстанымын білдіріп: “Иран барлық келіспеушілікті халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысына сәйкес бейбіт жолмен және диалог арқылы шешу қажеттігі туралы пікірде екенін мәлімдейді.
БҰҰ-на мүше барлық мемлекет ұйым Жарғысында қамтылған мақсаттар мен қағидаттарды сақтауға, оның ішінде мемлекеттердің егемендігін, тәуелсіздігін, бірлігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеуге, сондай-ақ күшпен қорқыту немесе оны қолданудан аулақ болуға міндетті.
Иран Ислам Республикасы бірнеше рет соғыс қимылдарын дереу тоқтатуға және шиеленісті азайтуға шақырып, тұрақты және ұзақ мерзімді шешімдерге қол жеткізу үшін дағдарыстың түпкі себептерін жою қажет екенін баса айтты”, -деп мәлімдеді.
Сондай-ақ, құжатта бірқатар ел мен НАТО ұйымының арандатушылық әрекеттері мен шешімдері Шығыс Еуропа аймағында геосаяси алауыздықтың тереңдей түсуіне алып келгені айтылған.
Иранның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі ұсынылған қарарларға бастамашы болған кейбір елдердің уәждеріне тоқталып, бұл бастаманың геосаяси бәсекелестіктің бір бөлігі және саяси сипатқа ие екенін мәлімдеді.


















