Иран Президенті Ибраһим Раиси Израильдің Газа секторындағы әл-Ахли ауруханасына жасаған шабуылын қатаң айыптады.
Ибраһим Раиси Газадағы ауруханаға жасалған шабуылға реакция білдіріп, сейсенбі күні әлеуметтік желідегі парақшасында: «Газа секторының әл-Ахли ауруханасындағы палестиналық жаралылардың үстіне түскен америкалық-израильдік бомбалардың жалыны жуырда олардың өзін жалмайды»,-деп жазды.
Иран Президенті: «Иран халқы орын алған оқиғаға қайғырып, сәрсенбі күнін аза тұту күні деп жариялады»,-деді.
Сондай-ақ Иран СІМ-нің баспасөз хатшысы да Израильдің Газа секторындағы ауруханаға жасалған шабуылды қатаң айыптады.
Насер Канани бұл шабуылды тек соғыс қылмысы ғана емес сонымен қатар геноцид деп атады.
Канани Иран халқы мен үкіметінің Палестина халқына, соның ішінде қаза тапқандардың жанұяларына көңіл айтып: «Осы оқиғада қаза болғандардың қаны Палестина халқының ерік-жігерін өз жерін басқыншылардан азат ету жолында арттыра түсетіні анық»,-деді.




















