Бүгін Иран Ислам Республикасында мерзімінен бұрынғы Президент сайлауының екінші кезеңі өтіп жатыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бүгін, шілденің 5-і күні Иран Ислам Республикасының 14-ші Үкіметінің басшысын сайлау үшін елдің ішіндегі 58 000, шетелдердегі 344 сайлау учаскелерінде сайлаушылар дауыс беруде.
Айта кетейік, Иран Ислам Республикасының 14-ші үкімет басшысын анықтау үшін президенттік сайлау келесі жылы өтуі керек болған. Алайда, биылғы жылдың мамыр айының 19 күнгі әуе апатында Президент Ибраһим Раиси мен қасындағы серіктері тікұшақтың құлауы салдарынан қаза тапқан соң, Конституцияның 131-132 баптарына сәйкес, президенттің міндетін атқарушы болып бірінші вице-президент Мұхаммед Мохбер тағайындалды.
Иран төңкерісінің қазіргі жетекшісі аятолла Хаменеидің жарлығымен атқарушы биліктің басшысына заң шығарушы және сот билігінің басшыларының көмегімен 50 күн ішінде сайлау өткізу тапсырылды.
Сол себепті маусымның 28 күні Иранда кезектен тыс президенттік сайлауға дауыс беру өтті. Алайда, сайлау нәтижелері бойынша Масуд Пезешкиан мен Саид Жалили бірінші және екінші орында болғанымен, Иран Конституциясының 117-бабы мен президенттік сайлау заңының баптарына сәйкес, кандидаттардың ешқайсысы абсолютті көпшілік дауысқа ие бола алмады. Сол себепті Иран президенті сайлауының екінші туры бүгінгі күнге, яғни, шілденің 5-не белгіленді.












