Иран Көлік министрінің орынбасары Әли Акбар Сафаи IMO отырысында елінің Батыстың айыптауларына батыл жауап беретінін баса айтты.
Еуразия Тудейдің ИРНА агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Халықаралық теңіз ұйымы кеңесінің (IMO) отырысына қатысу үшін Лондонға келген Иран Көлік министрінің орынбасары Батыстың Иранның Қызыл теңіздегі тәртіпсіздіктерге қатысы бар деген айыптауларын жоққа шығарды.
Ол Батыс Азия аймағындағы қазіргі жағдайдың басты себебін Израиль режимінің Америка Құрама Штаттарының қолдауымен Палестина мен Ливанда жүргізген геноциді деп атады.
Әли Акбар Сафаи сейсенбі күні IMO кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде: “Кейбір делегация өкілдерінің, соның ішінде Америка Құрама Штаттары өкілдерінің қасақана жалған ақпарат тарату және аймақтағы жағдайға байланысты Иран Ислам Республикасына негізсіз айып тағу арқылы өздерінің саяси бағдарламаларын ілгерілету үшін Халықаралық теңіз ұйымының ұстанымын тағы теріс пайдаланғаны өкінішті”, — деді.
Сафаи Иранның теңіз қауіпсіздігіне қатысты ұстанымын атап: “Иран Ислам Республикасы теңіз қауіпсіздігі мен кеме қатынасы бостандығына деген адалдығын тағы растайды. Иран сондай-ақ Қызыл теңіз бен Парсы шығанағында теңіз қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін қуаттайды.
Йемен халқы — аймақтағы өз мүдделері мен ой-пікірлеріне сәйкес шешім қабылдап, әрекет ететін тәуелсіз және ықпалды халық. Осы тұрғыда Иран Ислам Республикасы кейбір Батыс Үкіметтерінің кез келген негізсіз мәлімдемелерін үзілді-кесілді теріске шығарып, оларды АҚШ-тың Йеменге қарсы заңсыз әрекеттері мен әскери басқыншылығын ақтау және заңдастыру үшін сылтау ретінде қарастырады”,- деп баса айтты.














