Иран экономикасы 2024 жылы 3,7 пайызға өседі деп болжануда. Дүниежүзілік банк соңғы есебінде осындай мәлімет келтірді.
Fars News агенттігінің мәліметіне сәйкес, былтырғы жылы Иран экономикасы 4,2 пайызға өсті.
Иран экономикасының өсу көрсеткіштері Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінің көрсеткіштерімен салыстырғанда 2 есе артық. Келтірілген экономикалық көрсеткіштерге сүйенсек, 2023 жылы 4,2 пайызға өскен Иран экономикасының өсімі 2022 жылы 3,8 пайыз болды.
Жалпы, 2023 жылы Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінің орташа экономикалық өсімі 1,9 пайызды құрады.
Аймақтағы мұнай экспорттаушы елдердің орташа экономикалық өсімінің өзі небәрі 1,6 пайызды құрап отыр.
2023 жылы Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы 19 елдің ішінде экономикалық өсім бойынша Иран үшінші орынды иеленді.
Иран – санкцияларға қарамастан отандық өндірісін үлкен қарқынмен дамытып келе жатқан ел.
Иранда мұнай өндіру, көлік өнеркәсібі және құрылыс жақсы дамыған. Сондай-ақ, әлемдегі ең ірі салалардың бірі болып табылатын тамақ өнеркәсібі де жоғары деңгейде.


















