Иран Ислам Республикасының Кеден әкімшілігінің делегациясы Ашхабадқа жұмыс сапарымен барды.
Еуразия Тудейдің Түркіменстанның Мемлекеттік кеден қызметі жариялаған мәліметке сілтеме жасап хабарлауы бойынша, сапардың мақсаты 2024 жылдың 28 тамызында қол қойылған Түркіменстан мен Иран арасындағы кеден қызметінің 2025-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру болып табылады.
Сапар тараптардың жұмыс кездесуінен басталды. Соның барысында екі елдің кеден органдары арасындағы 2024 жылғы ынтымақтастық нәтижелері талқыланып, Ховдан-Баджгиран, Артык-Лотфабад және Сарахс-Сарахс бақылау-өткізу бекеттеріндегі өзара іс-қимыл мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар, тараптар тиімді кедендік бақылауды ұйымдастыруға, экспорттық және транзиттік тауарларға қатысты ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алуға назар аударып, кедендік шекаралар арқылы жүк ағынын арттыру мүмкіндіктері туралы пікір алмасты.
Шара нәтижесінде уәкілетті экономикалық операциялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту, анықталған құқық бұзушылықтарды одан әрі болдырмау мақсатында ақпарат алмасу, екі тараптың сыртқы экономикалық қызметіне қатысушыларды кедендік ережелермен таныстыру бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу туралы шешім қабылданды.
Ирандық делегация кездесуден кейін мұражай бөлмесін аралап, Түркіменстандағы кеденнің қалыптасу тарихы және қызметімен танысты. Сонымен қатар, делегация Түркіменстан Мемлекеттік кеден қызметінің Бақылау-талдау орталығында болды.
Ирандық кеденшілердің жұмыс сапары Мемлекеттік кеден басқармасы жанындағы Оқу орталығына және Халықаралық кеден терминалына барумен аяқталды.
















