Иран кез келген басқыншылыққа жедел әрі шешімді жауап берілетінін ескертті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иранның Жоғарғы көшбасшысының кеңесшісі Әли Шамхани елінің кез келген басқыншылыққа дереу әрі шешімді жауап берілетінін баса айтты.
Иранның Жоғарғы көшбасшысының саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Әли Шамхани бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамптың қоқан-лоққыларынан кейін мәлімдеді.
Шамхани X әлеуметтік желісіндегі парақшасында: “Басқыншылық шабуылды жоспарлап отырғандардың кез келген әрекетіне қатаң әрі дереу жауап беріледі”,- деп жазды.
Ол Иранның зымырандық және қорғаныс әлеуетін тежеу мүмкін емес екенін және оған ешкімнің рұқсаты қажет еместігін мәлімдеп, елдің қорғаныс қабілеті ешкімге тәуелді емес екенін атап айтты.
Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен бірлескен баспасөз мәслихатында: “Вашингтон Тегеранмен диалогқа дайын. Алайда күш қолдану нұсқасы әлі күшінде. Олар ядролық бағдарламаны қайта бастауға тырыспайды деп үміттенемін. Себебі бізде мұндай жағдайда нысандарды жоюдан басқа таңдау қалмайды”, -деді.

















