Тегеран мен Баку экономикалық, инвестициялық және инфрақұрылымдық байланысты жаңа деңгейге көтеруді көздеп отыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Әзірбайжан астанасы Баку қаласында Ислам даму банкі тобының 51-ші жыл сайынғы отырысы аясында Иранның Экономика және қаржы министрінің орынбасары әрі Инвестициялар, экономикалық және техникалық көмек ұйымының басшысы Меһди Хейдари мен Әзірбайжанның Экспорт пен инвестицияларды ынталандыру қорының басшысы Юсиф Абдуллаев екіжақты кездесу өткізді.
Тараптар кездесу барысында шетелдік инвестицияларды ынталандыру, тәжірибе алмасу және ортақ жобаларды анықтау мәселелерін талқылады.
Хейдари Иран Президенті Масуд Пезешкианның Әзірбайжанға сапары кезінде мақұлданған Бірлескен инвестициялық комитеттің өзара түсіністік меморандумын еске салып, аталған комитеттің алғашқы отырысын жақын арада өткізу қажеттігін қуаттады. Сонымен қатар, Меһди Хейдари Иранға инвесторлар тарту үшін дайындалған жобалар тізімін ұсынып, әр сектордың жағдайын жан-жақты таныстырды.
Юсиф Абдуллаев бұл бастаманы қолдап, Иранның инвестициялық бағдарламаларын жоғары бағалады.
Абдуллаев Әзірбайжанның Экспорт пен инвестицияларды ынталандыру қорының міндеттеріне, бағдарламалары мен атқарып жатқан шараларына тоқталып, Бірлескен комитеттің алғашқы отырысын өткізуге дайын екендіктерін мәлімдеді.
Ол 2026 жылдың қыркүйек айында Әзірбайжан халықаралық инвестициялық саммиті өтетінін хабарлап, шараның ирандық кәсіпкерлер, инвесторлар және әлеуетті компаниялар үшін үлкен мүмкіндік екенін атап айтты.



















