Пәкістан астанасы Исламабадта Иран мен АҚШ арасындағы тоқтаусыз 21 сағатқа созылған келіссөз нәтижесіз аяқталды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша соңғы онжылдықтардағы әлемдегі ең ұзақ саяси келіссөздердің бірі болған жалпы алғанда 21 сағатқа созылған Исламабадтағы қарқынды келіссөздерде екі тарапты да қанағаттандыратын ортақ мәміле жасалған жоқ.
Пәкістан делегациясы тараптардың ұстанымдарын жақындату үшін айтарлықтай күш салғанымен, Иран Ормұз бұғазы, бейбіт атом энергиясы және басқа да бірқатар мәселе бойынша АҚШ-тың шектен тыс талаптарын қабылдамады.
Келіссөзге қатысушы топқа жақын дереккөзі америкалықтардың соғыс арқылы қол жеткізе алмаған нәрселерін келіссөз үстелінде талап еткенін айтты.
Трамптың орынбасары Джей Ди Вэнс келіссөздер аяқталғаннан кейінгі баспасөз мәслихатында: «Жаман жаңалық сол — біз келісімге келе алмадық. Сондықтан АҚШ-қа ештеңе шешілмеген күйі қайтамыз. Олар біздің шарттарды қабылдамауды жөн көрді», — деді.
Еске салайық, Мұхаммед Бақыр Қалибаф бастаған, құрамында Сейед Аббас Арақчи мен Әли Бақыри бар ирандық келісімгер топ 10 сәуір күні түнде Пәкістан астанасы Исламабад қаласына келді. Олар қажетті үйлестіру жұмыстарын жүргізу және келіссөздердің бастапқы кезеңінде-ақ АҚШ-тың уәдесін бұзғанына наразылық білдіру үшін Пәкістан Армиясының қолбасшысы Асим Мунирмен кемінде екі рет, ал Премьер-министр Шаһбаз Шарифпен бір рет кездесті.
Пәкістан Премьер-министрімен келіссөз сенбі күні, 11 сәуірде сағат 13:00-де басталды. Бірнеше сағаттан кейін америкалық тараппен келіссөз басталды. Алдымен негізгі делегациялар, содан кейін сарапшылар топтары пікір алмасты. Келіссөздер жалпы алғанда 21 сағаттан астам уақытқа созылды.
Айтатын жайт, Иранның келіссөздердің келесі кезеңіне қатысты қазір ешқандай жоспары жоқ. Ендігі кезек АҚШ-та. Иран келіссөз жүргізуге асықпайды. Америка қисынды келісімге көнбегенше, Ормұз бұғазындағы жағдай өзгермейді.
. .













