Иран мен Ауғанстанның Хаф-Герат теміржол бағыты арқылы тасымалданатын транзиттік және экспорттық жүк көлемі өткен жылмен салыстырғанда он есеге артты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Ауғанстан теміржолдарын дамыту консорциумының бас директоры Мостафа Резаи мәлімдеді.
Оның айтуы бойынша, жыл басынан бері аталған бағытпен 500 мың тоннадан астам жүк тасымалданған. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш шамамен 50 мың тоннаны құраған.
Мостафа Резаи қазіргі динамика сақталған жағдайда келесі жылдың осы кезеңінде Хаф–Герат бағыты бойынша жүк айналымы 1,2 млн тоннадан асуы мүмкін екенін атап айтты. Бұл өз кезегінде теміржол дәлізін өңірдегі негізгі логистикалық бағыттардың біріне айналдырады.
Хаф–Герат теміржолы Иран мен Ауғанстанды байланыстыратын 225 шақырымдық жоба болып табылады. Ол Иранның Хаф қаласын Ауғанстанның Герат қаласымен байланыстырады және кең ауқымды «Бес ел дәлізі» жобасының бір бөлігі саналады. Бұл бағыт Ауғанстанның Парсы шығанағына шығуын, сондай-ақ Орталық Азия арқылы Қытаймен байланысты қамтамасыз ету тұрғысынан стратегиялық маңызға ие.
Ауғанстан Сауда министрлігінің өкілі Ахандзада Абдул Салам Джавадтың мәліметінше,Тегеран мен Кабул арасындағы сауда көлемі 2025 жылы 3,5 миллиард доллардан асқан.
Оның айтуы бойынша, Ауғанстанның Иранға экспорты 53 млн долларды, ал Ираннан Ауғанстанға импорт көлемі 3,454 млрд долларды құраған.
Ауғанстан Иранға негізінен қорғасын құймаларын, күнжіт, көкөніс тұқымдарын, мақта, кептірілген жемістер мен асыл тастарды экспорттайды.
Сарапшылар сауда мен транзит көлемінің артуын аймақтық логистиканың жандануымен және Иранның Ауғанстан мен Орталық Азия үшін негізгі транзиттік хаб ретіндегі рөлінің күшеюімен байланыстырады.

















