Иран мен Еуропалық Одақтың үш елі Ыстамбұлдағы кездесу қорытындысы бойынша дипломатиялық келіссөздерді жалғастыруға бел байлады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Сыртқы істер министрінің құқықтық және халықаралық мәселелер жөніндегі орынбасары Казем Ғарибабади мәлімдеді.
Казем Ғарибабади әлеуметтік желідегі аккаунтында: “Маджид Тахт-Раванчи екеуміз Еуропалық Одақтың үш елінің өкілдерімен Ыстамбұл қаласында кездестік. Біз пікір алмасып, ядролық келіссөздер мен санкцияларды жою жөнінде өткен соңғы жанама келіссөздерді талқыладық.
Иран мен Еуропалық Одақтың үш елі дипломатиялық келіссөздерді жалғастыратын болды. Қажет жағдайда, қайта кездесеміз”,- деп жазды.
Айта кетейік, Иран сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары Еуропалық Одақтың үш елінің өкілдерімен кеше, 16 мамыр күні Ыстамбұлда кездесті.


















