Иран мен Малайзия жаңа бірлескен бастамалар арқылы ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздеп отыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иранның Шығыс Азиядағы ғылыми кеңесшісі Әлизера Пуртавакол Малайзияның жетекші технологиялық институттарының өкілдерімен Тегеран қаласында кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған қадамдарды талқылады.
Кездесу барысында тараптар бірлескен ғылыми-зерттеу орталығын құру, студенттер мен оқытушылар алмасу бағдарламаларын іске қосу, өзара шәкіртақылар тағайындау, бірлескен ғылыми мақалалар жариялау және қысқа мерзімді салалық ғылыми курстар өткізу мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Иран мен Малайзия жасанды интеллект, робототехника, жаңартылатын энергия және нанотехнология салаларында ынтымақтасуды жоспарлап отыр.
Қарастырылған ұсыныстар қатарында тұрақты бірлескен зерттеу орталығын құру, жаңа технологияларға арналған оқу модульдерін әзірлеу, жоғары технологиялық зерттеулер нәтижелерін индустрияландыру және коммерцияландыру, ғылыми және технологиялық парктер арасындағы ынтымақтастық орнату бар.
Кездесуде тараптар жас буынға бағытталған бағдарламаларды дамытуға дайын екендіктерін растады. Айта кетейік, 2024 жылы Малайзияда екі елдің студенттері мен оқытушыларына арналған күзгі мектеп өтті. Шараға шамамен 50 адам қатысты.



















