Иран мен Өзбекстан 2026 жылы теміржол арқылы жүк тасымалдау көлемін екі есеге арттырып, 2 миллион тоннаға жеткізуді көздеп отыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның Ұлттық теміржол компаниясының (RAJA) Бас директоры, Жол және қала құрылысы министрінің орынбасары Джаббар Әли Закери өзбекстандық әріптесімен кездесуден кейін мәлімдеді.
Джаббар Әли Закери “Ўзбекистон темир йўллари” АҚ басқару төрағасы Зуфар Нарзуллаевпен кездесуде бұл мақсатқа вагондармен жүктерді тасымалдау транзитіне толық жағдай жасалған кезде қол жеткізуге болатынын айтты.
Тараптар келіссөз барысында сауда көлемін арттыру және транзитті жеңілдету мәселелерін талқылады. Закери ынтымақтастықты нығайтып, жүк тасымалын арттыру үшін бірыңғай тарифтер енгізудің маңыздылығын қуаттады.
Ол Өзбекстанды Шығыс-Батыс дәлізіндегі стратегиялық көпір деп атап, байланысты кеңейту үшін зор әлеуетке ие екенін мәлімдеді.
Закеридің айтуынша, биыл Иран экспорты да, Өзбекстанның Иран арқылы ашық теңізге шығатын транзиттік жүк тасымалы да артқан.
Иранның Ұлттық теміржол компаниясының Бас директоры қазіргі уақытта Серахс шекарасында Өзбекстанға жөнелтілуге дайын 1300 жүк вагонының тұрғанын, бұл дәліздің қарқынды дамып келе жатқанын көрсететінін баса айтты.
Нарзуллаев Серахс қаласындағы теміржол терминалдары мен Ирандағы бірқатар нысанды аралағаннан кейін елінің Түркіменстан арқылы Иранның жүк вагондарын қабылдауға дайын екенін растады.
Тараптар бұл келіссөз екі арадағы транзит, экспорт және импорт көлемін арттыруға септігін тигізеді деген үміт білдірді.


















