Иран мен Қытай Армения аумағында мыс балқыту зауытын салуға қызығушылық танытып отыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, мыс балқыту зауытын салу бойынша стратегия әзірленгенімен, жоба әзірге жүзеге аспаған.
Бұл туралы кеше, жұма, 3 қазан күні Армения Республикасының Аймақтық даму және инфрақұрылымдар министрінің орынбасары Асатур Варданян мәлімдеді.
Асатур Варданян Mining Armenia Forum форумында сөйлеген сөзінде Арменияда мыс балқыту зауытын салуға арналған стратегия бар екенін, алайда белгілі бір қадамдар жасалғанымен, зауыт әлі салынбағанын айтты.
Ол: “Қолда бар ресурстарымызды бағалау үшін жан-жақты экономикалық есептеу қажет. Менің ойымша, біздің ресурстар көлемі артқан жағдайда мыс балқыту зауыты пайда болады. Сонда біз сұранысты қанағаттандыра аламыз”, — деді.
Сондай-ақ, вице-министр шетелдік инвестиция тартуға кедергі келтіріп отырған бірқатар мәселе бар екенін айтты. Оның айтуынша, бұл кедергілер Арменияның қор нарығына қолжетімділіктің болмауы мен пайдалы қазбаларға қатысты есеп беру жүйесінің ескіргендігіне байланысты.

















