Иран мен Ресей Әскери-теңіз күштері Оман теңізі және Үнді мұхитының солтүстігінде бірлескен әскери-теңіз жаттығуын өткізеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран мен Ресей Әскери-теңіз күштерінің бірлескен әскери-теңіз жаттығуы бүгін, бейсенбі, 19 ақпан күні теңіз қауіпсіздігін нығайту және ортақ қауіп-қатерлерге қарсы тұру мақсатында өтеді. Бұл туралы Иран Әскери-теңіз күштерінің контр-адмиралы Хасан Мақсудлу мәлімдеді. Хасан Мақсудлу: “Бұл бірлескен жаттығудың мақсаты — теңіз қауіпсіздігіне төнетін қатерлерді жою үшін тараптар арасындағы үйлестіруді күшейту. Атап айтқанда, біз теңіздер мен мұхиттардағы коммерциялық кемелер мен танкерлерді лаңкестіктен қорғау туралы айтып отырмыз”, -деді.
Мақсудлудың айтуы бойынша, жаттығулар елдер арасындағы достық қарым-қатынасты тереңдетуге, сондай-ақ, Мәскеудің Тегеранмен аймақтық ынтымақтастығын кеңейтуге мүмкіндік береді. Мұның алдында Ресей Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Ресейдің Иран, Қазақстан және Әзербайжанға 2026 жылы Каспий теңізінде бірлескен әскери-теңіз жаттығуларын өткізуді ұсынғанын мәлімдеді.

















