Иран Ислам кеңесі Мәжілісінің кітапхана, мұражай және құжаттама орталығының бас директоры Масуд Моинипур мен Ресей мемлекеттік кітапханасының директоры Вадим Дуда кездесіп, ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Еуразия Тудейдің ИРНА агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, кездесудің басында Иран Ислам Республикасының Ресейдегі елшілігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі Масуд Ахмадванд Иран мен Ресейдің кітапханалары мен құжаттар орталықтарының ынтымақтастығы туралы түсініктеме берді.
Сонымен қатар Ахмадванд Ресей мемлекеттік кітапханасына бірлескен отырыстар ұйымдастырудағы және қолжазбалар туралы ақпарат алмасудағы ынтымақтастығы үшін алғыс білдірді.
Кездесу барысында Масуд Моинипур Иран Ислам кеңесі Мәжілісінің кітапхана, мұражай және құжаттама орталығында сақталған қолжазбалар туралы ақпарат берді.
Өз кезегінде Вадим Дуда Иран Ислам кеңесі Мәжілісінің кітапханасындағы материалдардың маңыздылығы мен құндылығын бағалап, екі елдің аталмыш кітапханалары арасында ынтымақтастықты дамытуға үміт білдірді.
Тараптар кездесу барысында ирантанушылар, шығыстанушылар және исламтанушылардың бірлескен отырыстарын ұйымдастыру жөнінде ұсыныстарды талқылады.
Кездесу соңында тараптар Иран Ислам кеңесі Мәжілісінің кітапханасы мен Ресей мемлекеттік кітапханасы арасында зерттеулер, бірлескен отырыстарды ұйымдастыру, біліктілікті арттыруға бағытталған курстар өткізу, қолжазбаларды қалпына келтіру және кодикология саласында бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі Меморандумға қол қою үшін диалогты жалғастыруға уағдаласты.



















