Иран Еуразиялық экономикалық одақ аясында тәуелсіз қаржылық есеп айырысу жүйесін құрып, өзара саудада ұлттық валюталарды кеңінен қолдануға мүдделі.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Президенті Масуд Пезешкиан елінің санкцияларға қарсы тұру үшін сыртқы күштерге тәуелсіз қаржылық есеп айырысу жүйесін құруды ұсынатынын мәлімдеді.
Пезешкиан: «ЕАЭО Иранның экономикалық дипломатиясында ерекше орын алады. Одақпен еркін сауда туралы келісім күшіне енген бір жыл ішінде бірегей мүмкіндіктер қалыптасты»,-деді.
Еуразиялық экономикалық одақ аясында сыртқы күштерге тәуелсіз қаржылық есеп айырысу жүйесін құру жөніндегі Пезешкианның бұл жолдауы Астанада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында оқылды.
Бастаманы отырысқа қатысқан Иран Ислам Республикасының Өнеркәсіп, кен және сауда министрі Сейіт Мохаммад Атабак көтеріп, Иранның Еуразиялық экономикалық одақпен сауда-экономикалық ынтымақтастықты айтарлықтай арттыруды көздейтінін мәлімдеді.
Атабак тараптар арасындағы өзара іс-қимыл әлеуеті әлі де толық іске асырылмағанын баса айтты. Министрдің айтуы бойынша, Иран мен ЕАЭО мемлекеттері арасындағы бір жылдан астам уақыт бұрын күшіне енген еркін сауда туралы келісім қазірдің өзінде оң нәтижелер көрсетіп, өзара тауар айналымының өсуіне қарқын беріп отыр.
Иранның Өнеркәсіп, кен және сауда министрі сауданы одан әрі ұлғайту үшін көлік, логистика және қаржы инфрақұрылымын дамыту қажеттігін атап айтып, ЕАЭО аясында сыртқы күштерге тәуелсіз қаржылық есеп айырысу жүйесін құруды және өзара саудада ұлттық валюталарды кеңінен қолдануды ұсынды.
Сейіт Мохаммад Атабак халықаралық жағдай мәселелеріне де тоқталды.
Министр АҚШ пен сионистік режимнің таңылған екі заңсыз соғысына қарамастан, Иран Ислам Республикасының өткен және ағымдағы жылдары ЕАЭО-на мүше елдер басшыларының кездесулері мен салалық іс-шараларына тұрақты қатысып келе жатқанын айтты. Атабак тіпті күрделі сыртқы жағдайларда да Иранның экономикалық ынтымақтастықты дәйекті түрде дамытуға, сондай-ақ сауда, инвестиция және өнеркәсіптік өзара іс-қимылды кеңейту үшін еуразиялық интеграция мүмкіндіктерін пайдалануға ниетті екенін мәлімдеді.
















