Иран Президенті Масуд Пезешкиан бүгін Иракқа үш күндік ресми сапармен барады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Ирак Премьер-министрі Мұхаммад Шиа әл-Суданидің ресми шақыруымен Масуд Пезешкиан бүгін, қыркүйектің 11 күні Иракқа барады.
Бұл Пезешкианның Иран Президенті ретінде шетелге алғашқы сапары болмақ. Ирандық делегация құрамында жоғары лауазымды саяси-экономикалық басшылар бар. Пезешкиан Иракқа сапарында осы елдің Президентімен, Премьер-министрімен, Парламент және сот органдарының төрағаларымен кездеседі.
Сондай-ақ, сапар барысында ынтымақтастық туралы бірлескен құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.
Сонымен қатар Иран Президенті кәсіпкерлермен және Иракта тұратын ирандықтармен кездесулер өткізеді.
Пезешкиан Бағдадқа ресми сапарларынан кейін имам Әли және имам Хусейннің қасиетті қабірлерін зиярат ету үшін Наджаф және Кербала қалаларына барады.
Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи кеше, қыркүйектің 10 күні Ирактың Alforat телеарнасына берген сұхбатында Иран президентінің алғашқы шетелдік сапарында Иракты таңдауы екі ел арасындағы бауырластық қарым-қатынастың тереңдігін көрсетеді деп мәлімдеді.
Арақчидың айтуы бойынша, Пезешкиан Иракқа сапарында Басра және Эрбил қалаларына да барады.



















