Иранның Тегеран университеті Иракта филиалын ашуға дайындалып жатыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, жаңа оқу орны Ирак Үкіметінің мақұлдауын алған. Филиалда 14 академиялық бағдарлама бойынша білім беру жоспарланған.
Иранның Ғылым, зерттеулер және технологиялар министрі Хоссейн Симайи Сарраф бұл туралы Ғылым және технологиялар университетінде өткен салтанатты рәсімде журналистерге мәлімдеді. Министрдің айтуынша, Тегеран университетінің Ирактағы филиалы жақын арада 14 академиялық бағдарлама бойынша жұмысын бастайды.
Министр халықаралық академиялық және мәдени алмасудың маңыздылығына тоқталып, білім беру ісі бейбітшілікті, адамгершілік құндылықтарды және өзара төзімділікті нығайтуға ықпал ететінін атап айтты. Оның сөзінше, білім беру ұлттық шекара аясынан тыс деңгейде дамыған кезде мұндай ынтымақтастықтың маңызы арта түседі.
Хоссейн Симайи Сарраф: «Осы үдеріс арқылы біз өз біліміміз бен тәжірибемізді студенттермен бөлісеміз», – деді. Министр Иранның басқа мемлекеттермен академиялық ынтымақтастығы алдағы уақытта тағы да кеңейе түсетініне үміт білдірді.
Ирандағы Ирак елшісі Ясир Әбдул-Заһра әл-Хаджадж аталмыш рәсімде Ирактың Тегеран университетінің Ирактың Нәжеп қаласында филиал ашу бастамасын мақұлдағанын растады. Сондай-ақ елші болашақта Иракта Шариф технологиялық университеті мен Иранның Ғылым және технологиялар университетінің де филиалдары ашылатынына сенім білдірді.
Әл-Хаджадж технология саласындағы ынтымақтастықты нығайту үшін екі елдің профильді ұйымдары арасындағы байланысты тереңдетіп, тек тәжірибе алмасумен шектелмей, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға көшу қажеттігін атап айтты.
Елші: «Ирак Республикасы ортақ мүдделер мен ұзақ мерзімді академиялық ынтымақтастық перспективалары негізінде Иран Ислам Республикасымен ғылыми байланыстарды дамытуға дайын», – деді.


















