Ресей Әскери-теңіз күштері «Ocean-2024» атты ауқымды оқу-жаттығуларын өткізуге кірісті.
Еуразия Тудейдің Sputnik агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Ресей Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы адмирал Александр Моисеевтің басшылығымен жаттығулар Тынық мұхиты мен Солтүстік мұзды мұхиты, сондай-ақ, Жерорта, Каспий және Балтық теңіздерінде өтеді.
Оқу-жаттығуға 400-ден астам әскери-теңіз техникасы, соның ішінде әскери кемелер, суасты қайықтары және қосалқы кемелер қатысады. Сонымен қатар шараға әскери-теңіз авиациясының 120-дан астам ұшағы мен тікұшағы қатысады. Ауқымды шараға 7 мың бірлік қару-жарақ пен әскери техника және жалпы саны 90 мыңнан астам әскери қызметші қатысатын болады.
Ресей Президенті Владимир Путин шараға бейнебайланыс арқылы қатысып, сөйлеген сөзінде оқу-жаттығуларға бақылаушы ретінде 15 мемлекеттің шақырылғанын айтты. Путин «Ocean-2024» оқу-жаттығуларын Ресейдің соңғы 30 жылда өткізген ең ірі теңіз жаттығулары деп атады. «Ocean-2024» оқу-жаттығулары 16 қыркүйекте аяқталады.
Бұған дейін Қытайдың Қорғаныс министрлігі қыркүйек айының соңында Қытай мен Ресей «Солтүстік. Өзара байланыс – 2024» атты тағы бір бірлескен оқу-жаттығуын өткізетінін хабарлады. Әскери-теңіз күштері мен авиация қатысатын жаттығу Охот және Жапон теңіздерінде, олардың әуе кеңістігінде өтпек.
Қытай Қорғаныс министрлігі жаттығудың басты мақсатын стратегиялық әріптестікті нығайту және қауіп-қатерлерге бірлесе қарсы тұруға дайындықты күшейту деп атады.



















