Иран Президенті Масуд Пезешкиан келесі аптада БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі саммитіне қатысу үшін Әзірбайжан Республикасына барады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Президенті әкімшілігінің қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Хабибулла Аббаси дүйсенбі күні IRNA агенттігіне берген сұхбатында Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианның келесі аптада Әзірбайжан Республикасының астанасы Бакуге баратынын айтты.
Аббасидың айтуынша, Пезешкиан Бакуда БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы (COP29) тараптары конференциясының 29-шы сессиясына қатысады.
БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясы 1995 жылдан бері өткізіліп келеді.
Конференцияның мақсаты Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы (UNFCCC) мүшелерінің климаттың өзгеруін тежеуде қол жеткізген жетістіктеріне шолу жасау болып табылады.
БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы (COP29) тараптары конференциясының 29-шы сессиясы 11-22 қараша аралығында Әзірбайжан Республикасының астанасы Баку қаласында өтеді.


















