Иранның Мәскеудегі елшісі Казем Джалали Иран Президенті Масуд Пезешкианның Тегеран мен Мәскеу арасындағы «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі бойынша қол жеткізілген келісімдерді аяқтауға ерекше назар аударатынын айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Казем Джалали Ресей Президентінің кеңесшісі Игорь Левитинмен кездесуінде мәлімдеді.
Иранның Ресей Федерациясындағы елшісі Казем Джалалидің Игорь Левитинмен кездесуі кеше, сейсенбі күні Мәскеу қаласындағы Иран Ислам Республикасының елшілігінде өтті.
Кездесуде Джалали: «Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан БРИКС саммитіне қатысу үшін Ресейге сапары барысында және Ресей Президенті Владимир Путинмен екіжақты кездесуінің қорытындысы бойынша екіжақты және өңірлік қатынастарды дамытуда Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің маңыздылығын ескере отырып, қол жеткізілген уағдаластықтарды пысықтау қажеттігін айтты», — деді.
Осыған байланысты Иранның Ресейдегі елшісі келіссөздерді жалғастыру және осы жобаға қол қою үшін құжаттарды пысықтау мақсатында Ресей делегациясының Тегеранға ресми сапармен баруын ұсынды.
Игорь Левитин өз кезегінде ресейлік тараптың Тегеранға баруға және жоба туралы толық мәлімет беруге дайын екенін айтты.

















