Иранның Жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи халқының ауызбіршілігі Америка Құрама Штаттарын таңғалдырғанын баса айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның Жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Моджтаба Хаменеи халықтың тұтастығы тек нығая түсетінін мәлімдеп: «Отандастарымыздың арасындағы таңғажайып бірлік жауды есеңгіретіп тастады», -деді.
Моджтаба Хаменеидің айтуы бойынша, Америка Құрама Штаттарының ақпараттық соғысы ирандықтардың ұлттық рухын әлсіретуді және қоғамның ішіне іріткі салуды көздейді.
Айта кетсек, Иран Президенті Масуд Пезешкиан мен Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы Мохаммад Бақер Қалибаф та кеше, 23 сәуір күні осы мазмұндағы мәлімдемелер жасады.
Еске салайық, Америка Құрама Штаттары мен Израиль 28 ақпан күні Иранға қарсы әскери операция бастап, бірқатар қалаға шабуыл жасады. Қақтығыс салдарынан Таяу Шығыста жағдай шиеленісіп, Ормұз бұғазы қоршауға алынды.
Иран, Америка Құрама Штаттары мен олардың одақтастары 8 сәуір күні атысты екі аптаға тоқтату туралы келісімге келді. Келісім 21 сәуір түні аяқталды.
Тараптар 11–12 сәуірде Пәкістанда қақтығысты реттеу бойынша келіссөз жүргізді. Алайда алғашқы келіссөз нәтиже бермеді.
АҚШ Тегеранға қысым көрсету құралы ретінде Иран айлақтары мен Ормұз бұғазы арқылы өтетін жолдарды қоршауға алатынын жариялады. Иран Ормұз бұғазының Парсы шығанағы елдеріне бағытталған кемелер үшін жабық екенін мәлімдеді.



















