Иран құрамасы Кабо-Верде командасын пенальти сериясында жеңіп, финалға шықты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Біріккен Араб Әмірліктері аумағында өтіп жатқан Әл-Айн кубогының алғашқы жартылай финалдық матчында Иран құрамасы Кабо-Верде командасымен кездесіп, 0:0 нәтижемен аяқталған кездесуді пенальти сериясымен жеңді.
Осылайша Иран 5:4 есебімен жеңіске жетіп, финалға жолдама алды.
Кездесу барысында екі құрама да мүмкіндік іздеді. Әсіресе, Кабо-Верде құрамасы сапындағы Возинья, Топира, Монтеро сияқты тәжірибелі футболшылар алаңға белсенді шықты. Алайда екінші таймда жасалған бірқатар ауыстыру ойын есебін аша алмады. Ал Иран құрамасындағы қақпашы Әлиреза Бейранванд тамаша өнер көрсетті.
Турнирдің шешуші матчы 18 қарашада өтеді. Сондай-ақ 3-ші орын үшін матч 17 қараша күні болады.
Мысыр пен Өзбекстан құрамалары арасындағы ойын финалдағы қарсыласты анықтайтын болады.
Жеңімпаз Иранмен кубок үшін кездеседі, ал жеңілген команда 3-ші орынға таласады.

















