Иран Ресейге алғаш рет заманауи газ турбинасын экспорттады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Ислам Республикасының Энергетика министрі Аббас Әлиабади кеше, сейсенбі күні мәлімдеді.
Әлиабади техникалық және инженерлік қызметтер мен энергетикалық жабдықтарды экспорттаушыларға арналған іс-шарада сөйлеген сөзінде энергетика саласындағы бұл маңызды жетістікке Батыстың санкцияларына қарамастан қол жеткізгенін баса айтты.
Әлиабади: “Біз электр өнеркәсібіндегі озық отандық құрал болып табылатын газ турбинасын алғаш рет Ресейге экспорттадық. Біз Ресейге генераторлар мен басқа да электр жабдықтарын экспорттап, авиациялық қозғалтқыштарға жөндеу жұмыстарын жүргіздік”,-деді.
Министр елінің көп жыл бойы пайдалы қазбаларды сату және мұнай экспортына сүйенгенін айтып, экспортты дамытудағы екі негізгі стратегияға тоқталды. Ол: “Біріншіден, ирандық компаниялар халықаралық аренада өз позициясын нығайтуы керек. Екіншіден, біз нақты сұранысқа қарай қадам басып, әлемнің не қалайтынын көруіміз керек. Бұл екі көзқарас бізге нарықта қалып, алға басуға мүмкіндік береді”, — деді.
















