Иран Сауда-өнеркәсіп палатасының басшысы бастаған делегация келесі аптада Мәскеуге барады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Ислам Республикасының Ресейдегі Елшісі Казем Джалали БАҚ саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Иран-Ресей жұмыс тобының бесінші отырысында мәлімдеді.
Казем Джалали отырыста сөйлеген сөзінде екі елдің БАҚ арасындағы тығыз ынтымақтастығы екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға жол ашатынын баса айтты.
Елші: “Біз екі ел арасындағы қарым-қатынаста қоғамдық қолдауды нығайтуға ұмтылуымыз керек. Бұл бағытта БАҚ ынтымақтастығы өте маңызды”, — деді.
Сонымен қатар, Джалали Тегеран мен Мәскеудің қазіргі уақытта “Солтүстік-Оңтүстік” халықаралық көлік дәлізі мен Ресей газын Иранға тасымалдауды қоса алғанда, бірқатар ірі жобаны жүзеге асырып жатқанын айтты.
Елшінің айтуынша, Иран мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы тауарлардың шамамен 90 пайызына баж салығын алып тастайтын еркін сауда келісімін жүзеге асыру сауда көлемін айтарлықтай арттырады.
Джалали: “Бұл қадамдар Иран мен Ресей қарым-қатынасының жарқын болашағын ашу үшін үлкен маңызға ие”,- деді.
Айта кетейік, Иранның Мәдениет және исламдық бағдар министрінің орынбасары Мохаммад Реза Норузпур бастаған делегация Ресей Федерациясымен БАҚ ынтымақтастығын нығайту мақсатында сейсенбі күні Мәскеуге келді.

















