Иран СІМ өкілі Исмаил Бақайи АҚШ әкімшілігінен қандай да бір хаттың алынғаны туралы ақпаратты теріске шығарды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Исмаил Бақайи баспасөз мәслихатында өткен аптадағы елінің сыртқы саясат саласындағы негізгі оқиғаларға шолу жасады.
Бақайидың айтуынша, ең айтулы оқиға Жидда қаласындағы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының сыртқы істер министрлері деңгейіндегі шұғыл отырысы болды.
Иран СІМ өкілі: “Отырыс Иранның бастамасымен басып алынған Палестина аумақтарындағы жағдайды талқылау, атап айтқанда, газалықтарды көрші елдерге мәжбүрлеп көшіру мәселесі бойынша шешім қабылдау мақсатында ұйымдастырылды”,- деді.
Бақайидың айтуы бойынша, шара аясында Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи ислам елдеріндегі әріптестерімен бірқатар нәтижелі кездесу өткізді.
Сонымен қатар, Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі ИРНА тілшісінің сұрағына жауап беріп, АҚШ Президентінен хат алынғаны туралы ақпаратты теріске шығарды.
Ирандық дипломат сөзінің бір бөлігінде Сириядағы жағдайға тоқталып: “Соңғы күндері Сирияның әртүрлі аймағында, әсіресе елдің батыс жағалауында қайғылы оқиғалар орын алды. Біз осы аймақтардағы тұрақсыздық, зорлық-зомбылық және кепілге алу туралы хабарлар мен ақпараттарға қатты алаңдаймыз”, — деді.


















