Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи бүгін, мамырдың бесі күні Пәкістанға аттанды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Исламабадта Пәкістан Ислам Республикасының жоғары лауазымды тұлғаларымен кездесіп, келіссөз жүргізеді.
Аббас Арақчи келіссөздер барысында Иран мен Пәкістан арасындағы екіжақты мәселелер, соның ішінде экономикалық, сауда ынтымақтастығы, шекара қауіпсіздігі, сондай-ақ өңірлік және халықаралық оқиғалар бойынша кеңесіп, пікір алмасады.
Иран Сыртқы істер министрі Исламабадтан кейін Жаңа Делиге ресми сапармен барады.
Иран Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Арақчи 25 сәуір күні Пәкістан пен Үндістан арасында келісім орнату үшін Тегеран өзінің күш-жігерін пайдалануға дайын екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, Үндістан мен Пәкістан арасындағы жағдай 22 сәуір, сейсенбі күні болған оқиғадан кейін ушықты. 22 сәуірде Үндістанның Джамму және Кашмир штатындағы Пахалгам қаласында лаңкестік шабуыл орын алды. Бірнеше қарулы адам туристерге оқ жаудырып, салдарынан 25 үндістандық пен бір Непал азаматы қаза тапты.
Бұл лаңкестік шабуыл үшін жауапкершілікті “Лашкар-е-Тайба” лаңкестік ұйымымен байланысы бар содырлар тобы өз мойнына алды. Үндістан Үкіметі бұл оқиғадан кейін Пәкістанмен шекарасын жапты.



















