Иран СІМ мәлімдеме жасап, Израильдің Ливандағы ауруханаға жасаған шабуылынан ирандық дәрігердің қаза табуын қатаң айыптады.
Еуразия Тудейдің IRNA агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрлігі Ливанда тұрып жатқан ирандық дәрігер Әли Хейдаридің Израиль режимінің шабуылынан қайтыс болуына байланысты мәлімдеме жасады.
Мәлімдеменің толық мәтіні төмендегідей:
«Иран Сыртқы істер министрлігі Ливан халқына адал қызмет еткен дәрігер Әли Хейдаридің Израиль режимінің Ливандағы айуандық шабуылынан қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, Иран және Ливанның табанды халқына көңіл айтады. Алла марқұмның артында қалган отбасы мен жақындарына сабыр берсін!
Марқұм Хейдари адами және діни борыштық сезімін басшылыққа ала отырып, Бейрутта мұқтаж жандарға медициналық көмек көрсетті. Израиль режимінің жаралылар мен науқастарды емдеп, құтқарушы болып жұмыс істеген Хейдариді өлтіруге бағытталған арнайы әрекеттері — ауруханалар мен медициналық орталықтарға, дәрігерлер мен медициналық қызметкерлерге шабуыл жасауға тыйым салатын 1949 жылғы Женева конвенциясының айқын бұзылуы болып табылатын әскери қылмыс.
Израиль режимі Газа секторында геноцид қылмысын бастап, кейін Ливанға басып кіргеннен бері медициналық орталықтарға, дәрігерлер мен құтқарушыларға бірнеше рет шабуыл жасады. Науқастар мен жаралыларды қырып, көптеген ауруханаларды толығымен қиратты. Жүздеген медицина қызметкерін өлтірді.
Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрлігі басқыншы режимнің бұл әскери қылмысын қатаң айыптап, Газа секторы мен Ливандағы ауруханалар мен медициналық қызметкерлерге жасалған шабуылдарға қатысты көптеген қылмыстарды құжаттау құзырлы ұйымдардың, соның ішінде Халықаралық Қызыл Крест комитеті мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жауапкершілігінде екенін баса айтады».


















