Иранда соңғы 18 айда 1325 ірі, орта және шағын өнеркәсіп кәсіпорны іске қосылып, 80 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның Өнеркәсіп, кен және сауда министрі Сейед Мохаммад Атабак мәлімдеді.
Сейед Мохаммад Атабактың айтуы бойынша, өнеркәсіптік қалаларда 868 жаңа кәсіпорын мен қайта жаңғыртылған 508 зауыт іске қосылуда.
Министр Президент Масуд Пезешкианның өнеркәсіп саласына көрсетіп отырған қолдауын жоғары бағалап, даму үдерісінде мемлекет пен жеке сектордың серіктес ретінде әрекет ететінін атап айтты. Билік өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ғылымды қажет ететін компаниялар арасында байланыс орнатуды және өңірлік өнеркәсіптік кластерлерді күшейтуді көздеп отыр.
Атабактың айтуынша, шағын және орта кәсіпорындар Иранның өнеркәсіптік болашағының негізін құрайды. Олар экономиканың тұрақтылығын арттырып, өндірістегі үзілістердің алдын алады және қала мен ауылдарда тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді. Министр үкіметтің бұл кәсіпорындарды қосалқы емес, елдің өнеркәсіптік өсімінің негізгі қозғаушы күші ретінде қарастыратынын растады.
Ол жақында ұлттық өнеркәсіптік кластерлерді дамыту бағдарламасының бекітілгеніне баса назар аударды. Оның айтуынша, бұл лицензиялау рәсімін реттеуге, инвестицияларды басқаруға және өңіраралық өзара іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік беретін маңызды қадам. Министр бұл бастама өнеркәсіптік тізбектердің жұмыс істеу қағидатын өзгертетінін айтып: “Енді жекелеген кәсіпорындардың орнына кластерлерге біріктірілген, өзара байланысты компаниялар желісі қалыптасады. Әрбір шағын немесе орта кәсіпорын өндіріс, инновация және нарықты қамтитын кең ауқымды экожүйенің бір бөлігіне айналады”, -деді.



















