Тегеран АҚШ президентінің Ормұз бұғазын АҚШ-тың жаңа аумағы ретінде көрсеткен картасына жауап қайтарып, Калифорнияны «Иранның жаңа аумағы» деп белгіледі.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Арменияның бұрынғы Қорғаныс министрінің орынбасары Артак Закарян пікірімен бөлісті.
Закарян: «Төрт күн бұрын өз жазбаларымның бірінде АҚШ пен Иран арасындағы әскери қақтығыс ұзаққа созылатын экономикалық текетіреске ұласатынын айтып өткен едім. Міне, бүгін түнде президент Трамп ресми түрде экономикалық соғыс жариялады. Бұл тек Иранға ғана емес, сонымен қатар экономикалық байланыстары арқылы Тегеранға санкцияларды еңсеруге көмектесетін елдерге де қатысты. Қалыптасқан жағдайдың қаншалықты ықпалды болатыны және аймақта қандай өзгерістерге әкелуі мүмкін екендігі — жеке талдау мен жан-жақты бағалауды қажет ететін мәселе.
Әзірге басқа бір қызықты оқиғаға тоқталайық. АҚШ президенті Ормұз бұғазын «АҚШ-тың жаңа аумағы» ретінде көрсеткен картаны жариялағаннан кейін, Үндістанның Хайдарабад қаласындағы Иранның Бас консулдығы АҚШ-тың жаңа картасын жариялап, онда Калифорнияны Иран Ислам Республикасының жаңа аумағы ретінде көрсетті. Әрине, бұл Тегеранның АҚШ аумағына қатысты шынайы аумақтық талап қойып отырғанын білдірмейді. Бұл — АҚШ президентінің жарияланымына мысқылмен қайтарылған жауап. Трамптың жазбасы Иранмен келіссөз жүргізуге белгіленген алпыс күндік мерзім аяқталған соң, Тегеран Ормұз бұғазының жабық күйінде қалатынын мәлімдеген тұста жарияланды. Сонымен қатар, Трамп қазіргі уақытта Иранмен ешқандай келіссөз жүргізілмейтінін және АҚШ Иран порттарына теңіз блокадасын жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
Дональд Трамп жариялаған картаға Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Ғарибабади да жауап беріп, Трамптың Ормұз бұғазына қатысты мәлімдемесін сынап, бұғаздың мәртебесіне қатысты жаңсақ түсінік көп ұзамай Трамп тарапынан немесе Иран арқылы түзетілетінін мәлімдеді. Алайда Хайдарабадтағы Иранның Бас консулдығы мұнымен шектелмей, картаға карта арқылы жауап беруді ұйғарды.
Жарияланған суретте Калифорния штаты ерекше белгіленіп, оған «Иран Ислам Республикасының жаңа аумағы» деген жазу қойылған. Меніңше, Калифорнияның таңдалуы да кездейсоқ емес. Иранның бұл әзілі екіұдай астарға ие. Иранның дипломатиялық өкілдігі мәдени тұрғыдан Иранмен ең тығыз байланысы бар әрі шетелде тұратын жүздеген мың ирандық үшін жаңа мекенге айналған америкалық штатты таңдаған. Әрине, бұл картографиядан кейін АҚШ пен Иранның шекарасы өзгерген жоқ. Алайда халықаралық тәжірибеде дипломатиялық текетірестің жаңа бір тәсілі пайда болғаны анық»,-деді.
Осылайша, АҚШ пен Иран арасындағы Ормұз бұғазы төңірегіндегі текетірес әскери және экономикалық мәселелермен қатар, ақпараттық әрі дипломатиялық кеңістікке де ауысып отыр.
Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп 19 тамызда әлеуметтік желідегі парақшасында Ормұз бұғазы бейнеленген картаны жариялап, стратегиялық су жолын «АҚШ-тың жаңа аумағы» деп атады.
Бұған дейін ол соғыс аяқталғаннан кейін бұғазды АҚШ аумағы деп жариялайтынын айтқан еді. Алайда, бұл Трамптың екінші президенттік мерзімі кезінде АҚШ аумағын кеңейтуге қатысты мәлімдеме жасаған алғашқы жағдайы емес. Мәселе соңғы оқиғаларға қатысты туындағанымен, ол бұған дейін де осындай тақырыптарды қозғаған болатын. Атап айтқанда, Трамп Канаданың АҚШ құрамына қосылғанын қалайтынын айтты.


















