Иран 2027 жылғы наурызға дейін үш жерсерігін бір уақытта ғарышқа ұшыруды жоспарлап отыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран 2027 жылғы 21 наурызға дейін Шәһид Сүлеймани жерсерігі жүйесінің құрамындағы үш жерсерікті бір мезгілде орбитаға шығаруды көздеп отыр.
Иранның Байланыс және ақпараттық технологиялар министрі Саттар Һашеми сәрсенбі күні ғарыш саласын дамыту үкіметтің негізгі басымдықтарының бірі екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресеймен ынтымақтастық аясында үш ирандық жерсерікті бір уақытта ұшыру — ел үшін маңызды жетістік болмақ.
Һашемидің сөзінше, «Paya», «Zafar» және «Kowsar» жерсеріктері мемлекеттік құрылымдар, жоғары оқу орындары және жеке сектордың өкілдерімен бірлесіп әзірленген.
Министр Иранда ғарыш аппараттарын ұшыру инфрақұрылымына қатысты бірнеше жоба жүзеге асырылып жатқанын айтып, жуырда болған қақтығыстар кезінде кейбір нысандардың зақымданғанын мәлім етті.
Сонымен қатар Һашеми Чабаһар ғарыш орталығының бірінші кезеңі 98 пайызға аяқталғанын хабарлады. Бұған дейін бұл көрсеткіш небәрі 40 пайыз шамасында болған. Оның айтуынша, бұл орталық байланыс және Жерді қашықтан зондтау жерсеріктерін орбитаға шығару үшін стратегиялық тұрғыдан өте қолайлы орын болмақ.
Сондай-ақ, Саттар Һашеми телекоммуникациялық мақсатта пайдаланылатын «Nahid-2» жерсерігін де орбитаға шығару жоспарланғанын айтты. Оның айтуынша, бұл аппарат алғаш рет Ku-диапазонында әзірленген және оны жасау жобасына әйел маман жетекшілік еткен.
Һашемидің айтуынша, Шәһид Сүлеймани жерсерігі жүйесі жалпы саны 24 аппараттан тұрады. Оның 18-і негізгі, ал қалған 6-уы қосалқы жерсерік ретінде қарастырылған. Иран биыл олардың үшеуін бір мезгілде орбитаға шығаруды жоспарлап отыр. Ал қалғандары алдағы жылдары кезең-кезеңімен ұшырылмақ.



















