Тегеран уран байыту деңгейін 60 пайыздан 20 пайызға дейін төмендетуге болатынын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл туралы Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеидің кеңесшісі Әли Шамхани айтты.
Ол Тегеранның уран байыту деңгейін 60 пайыздан 20 пайызға дейін төмендету мүмкіндігін қарастыратынын, алайда мұның тиісті құны болуы керектігін мәлімдеді.
Әли Шамхани Al-Mayadeen телеарнасына берген сұхбатында байытылған уранды Иран аумағынан тыс жерге шығару идеясын жоққа шығарды. Ол жинақталған ядролық материалдарды басқа мемлекеттерге беруге ешқандай негіз жоқ екенін баса айтты.
Шамхани: “Күрделі кезеңдердің қажеті жоқ. Егер оларда қауіп болса, уран байытудың 60 пайыздық деңгейін 20 пайызға дейін төмендетуге болады. Алайда мұның тиісті құны болуы тиіс”,- деді.
Шамханидың айтуы бойынша, Ирандағы байытылған уран қорының нақты көлемі әзірге белгісіз. Өйткені материалдардың бір бөлігі үйінділер астында қалған, ал оларды шығару қауіпті болғандықтан тиісті жұмыстар әлі жүргізілмеген.
Хаменеидің кеңесшісі Иранның АҚШ-пен жүргізілетін келіссөздерінің негізгі тақырыбы ядролық бағдарлама мәселесі екенін еске салды. Оның айтуы бойынша, келіссөздерге әділ көзқарас пен қоқан-лоққысыз жағдай жасалса, келісімге қол жеткізу әбден мүмкін.
АҚШ-тың Иранға ықтималды соққысына тоқталған Шамхани кез келген шабуыл жағдайдың ауқымды дағдарысқа ұласуына әкеп соғатынын мәлімдеді.
Шамхани әскери дайындықты көрсету соғысты қалауды білдірмейтінін атап айтып: “Біз соғысқа, кез келген сценарийге дайынбыз. Егер Америка Иранға шабуыл жасаса, біз сөзсіз Израильге соққы береміз. Өйткені, Иран бұл екі мемлекетті бөлек субъект ретінде қарастырмайды”, -деді.
Шамхани Тегеранның соғыс қаупіне қарамастан дипломатияға басымдық беретінін және ақылға қонымды ұсыныстарға ашық екенін айтты.












