Иран аймақтағы теміржол жолаушылар тасымалының санын арттыру мақсатында көрші елдерге жаңа үш теміржол бағытын іске қосады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иранның Ұлттық теміржол компаниясының (RAJA ) Бас директоры, Жол және қала құрылысы министрінің орынбасары Джаббар Әли Закери жаңа теміржол бағыттары Түркия, Ауғанстан және Түркіменстан арқылы өтетінін айтты.
Закеридің айтуынша, RAJA Тегераннан Түркия астанасы Анкараға тікелей теміржол жолаушылар тасымалын бастауды жоспарлап отыр.
Ол бұл Тегеран мен Түркияның Ван қаласы арасындағы қолданыстағы бағытқа қосымша бағыт болатынын айтты.
Иранның Ұлттық теміржол компаниясы Бас директорының айтуынша, қазіргі уақытта Иран мен Түркия билігі жаңа бағытқа, соның ішінде жол ақысына қатысты қаржы мәселелерін талқылап жатыр.
Закери тағы бір жаңа бағыт Иранның Тегеран мен Мешһед қалалары және Ауғанстанның Герат қаласы арасында жолаушыларды тасымалдайтынын, Иран мен Ауғанстан құжаттарға қатысты мәселелерді шешкен кезде бұл бағыттың іске қосылатынын айтты.
Закери бұл бағыт Ираннан Гератқа жақын орналасқан Розанакқа тікелей жетуге мүмкіндік беретінін, ирандық мердігерлер теміржол желісінің құрылысын аяқтағаннан кейін бұл бағыттың Гераттың өзіне дейін жалғасатынын айтты.
Сонымен қатар, Иран Мешһед қаласынан Түркіменстанның Мерв қаласына жолаушылар бағытын іске қосуды жоспарлап отыр.
Закеридің айтуынша, бұл бағыт Иранның Орталық Азия елдерімен экономикалық және сауда байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.

















