Иран жасушалық терапияға арналған алты жаңа препаратты (Advanced Therapy Medicinal Products, ATMPs) өндіруге лицензия алды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұған дейін Иранда мұндай бір ғана өнім шығарылған.
Ресми статистика деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта әлемде жасушалық терапияға арналған 148 препарат лицензияланған және оның жетеуі Иранда әзірленген. Бұл препараттардың кейбірі озық технологияларға жатады және экспорттық әлеуетке ие.
Иранның Биотехнология және дің жасушалары орталығының мәліметінше, жаңа лицензияларды алғаннан кейін Иран регенеративті медицина саласындағы әлемдік рейтингте 12-орыннан 7-орынға көтерілді.
ATMPs – гендерге, тіндерге немесе жасушаларға негізделген дәрілік заттар. Олар аурулар мен жарақаттарды емдеуде түбегейлі жаңа мүмкіндік ашады. Бұл өнімдер жасушалық терапия, шеміршек тінін емдеу және тіндік инженерия сияқты стратегиялық бағыттарды қамтиды. Аталған салалар зақымдалған құрылымдарды алмастыру үшін тіндер мен ағзалардың функционалдық баламаларын жасайтын регенеративті медицинаға жатады.
Препараттар витилиго (созылмалы тері ауруы), трансплантаттың иесіне қарсы ауруы (аллогенді дің жасушалары немесе сүйек кемігі трансплантациясынан кейінгі асқыну, мұнда донорлық иммундық жасушалар науқастың тіндеріне шабуыл жасайды), церебралды сал ауруы, күйіктер, диабеттік табан ойық жарасы, артрит және лейкемия сияқты ауруларды емдеуге арналған. Иранда бұл өнімдерді өндіруді жалғастыру, коммерцияландыру, сондай-ақ ішкі және экспорттық нарықтарды дамыту үшін арнайы платформа құрылған.


















