Иран жылу энергиясын өндіру қуаттылығы бойынша әлемдегі ең ірі он елдің қатарына кіреді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Thermal Power Plants Holding (TPPH) компаниясының жоғары лауазымды өкілі Хамед Сейрфианпур мәлімдеді.
Басқарманың жоспарлау және даму жөніндегі орынбасары міндетін атқарушы Хамед Сейрфианпурдың айтуы бойынша, 1979 жылғы революциядан бері Иранның жылу электр қуаты 17 есеге артып, шамамен 78 000 мегаваттты құраған.
Ол сегіз жылға созылған соғыс кезінде 2200 мегаватқа жуық энергетикалық қуат көздері, сондай-ақ негізгі электр беру желілері мен қосалқы станциялар зақымдалғанын, сонымен қатар, экономикалық және саяси санкциялар салдарынан оларды қалпына келтіру жұмыстары едәуір қиынға соққанын айтты.
Сейрфианпурдың айтуынша, қазіргі таңда Иранда 149 жылу электр станциясы жұмыс істейді. Олар елдің электр энергиясына деген қажеттілігінің 90 пайыздан астамын қамтамасыз етіп отыр. Революциядан кейінгі алғашқы жылдармен салыстырғанда бұл станцияларда электр энергиясын өндіру көрсеткіші 36 есеге өсіп, шамамен 367 миллиард киловатт-сағатты құрады.
TPPH компаниясының жоғары лауазымды өкілі ел бойынша барлығы 639 жылу электр станциясы салынғанын, оның ішінде орнатылған қуаттың 69 пайыздан астамы жеке секторға тиесілі екенін мәлімдеді. Жаңа жобалар іске қосылғаннан кейін жеке компаниялар мен кәсіпорындар пайдаланатын қуат шамамен 54 000 мегаватқа жеткен.
Сейрфианпурдың сөзінше, отандық мамандардың қажырлы еңбегінің арқасында Иран электр станцияларына арналған турбиналар өндіру бойынша әлемдегі ең ірі бес елдің қатарына енді.
Ол сондай-ақ осы кезеңде ел халқының саны небәрі 2,4 есе өскенімен, генерациялау қуатының артуы бүкіл ел бойынша электр қуатына қолжетімділікті айтарлықтай жақсартқанын айтты.

















