Ибраһим Раисидың кенеттен қайтыс болуына орай Иранда мерзімінен бұрын президенттік сайлауды 28 маусымда өткізу туралы шешім қабылданды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл шешім дүйсенбі күні түстен кейін қазіргі таңда президенттің міндетін атқарушы Иранның Бірінші вице-президенті Мохаммад Мохбер, сот жүйесінің басшысы Ғолам Хоссейн Мохсени-Эджеи, Парламент спикері Мохаммад Бақер Қалибаф, сондай-ақ президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі вице-президенті, Ішкі істер министрінің саяси істер жөніндегі орынбасары қатысқан отырыста белгілі болды.
Кездесуде Иран Конституциясының 131-бабына сәйкес 50 күн ішінде жаңа президентті сайлау мәселесі талқыланды. Сонымен қатар отырысқа қатысушылар атқарушы делегацияларды жасақтау, кандидаттарды тіркеу және сайлау науқандарын бастауға қатысты сайлау процесінің кестесін дайындады.
Кестеге сәйкес, кандидаттарды тіркеу 30 мамырдан 3 маусымға дейін жүргізіледі. Сайлау науқаны 12-27 маусым аралығында өтеді.
Иран Конституциясына сәйкес, Президент елді басқара алмаған жағдайда, елді басқару жауапкершілігі Бірінші вице-президентке жүктеледі. Жаңа президент сайлауын осы елдің Бірінші вице-президенті заң шығарушы және сот органдарының басшыларымен бірігіп 50 күн ішінде өткізуге міндетті.
Бүгінде ұшақ апатынан кенеттен қайтыс болған Иран Президенті Ибраһим Раисидің уақытша міндеттері Иранның Бірінші вице-президенті Мохаммад Мохберге жүктелді.
Ислам революциясы жетекшісінің мақұлдауымен Президенттің Бірінші вице-президенті Мохаммад Мохбер сот жүйесінің басшысы Ғолам Хоссейн Мохсени-Эджеи және Парламент спикері Мохаммад Бақер Қалибафпен бірге президенттік сайлауға дейін атқарушы билікті басқаруды өз мойнына алды.
Иран Президенті Ибраһим Раиси, Сыртқы істер министрі Хоссейн Амир Абдуллаһиан және басқа да шенеуніктер мінген тікұшақ 19 мамырда Иранның солтүстік-батысында Верзеған ауданында апатқа ұшырады.
20 мамырда таңертең Иран вице-президенті Мохсен Мансури Ибраһим Раиси мен оның жанында болған ресми тұлғалардың тікұшақ апатынан қаза тапқаны туралы ақпаратты растады.

















