Иранда тұрмыстық техника өндірісінде өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі бір жылда 10 пайызға өсті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрінің орынбасары Ибраһим Шейх мәлім етті.
Ибраһим Шейхтің айтуы бойынша, Иран күнтізбесі бойынша биылғы жылдың 20 наурызына дейін тұрмыстық техника саласының ішкі өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 50 пайыздан 60 пайызға дейін өскен.
Ибраһим Шейх: “Валюта шектеулеріне байланысты бұл сала ішкі ресурстарды барынша пайдалануға және өзін-өзі қамтамасыз етуге ұмтылуға мәжбүр болды”, — деді.
Иранның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрінің орынбасары кейбір тұрмыстық техника бөлшектерінің шетелден жеткізілетініне тоқталып: “Күрделі құрамдас бөлшектер немесе өндіріс көлемі ондаған миллион дана болатын зауыттар үшін импорттау отандық өндіріске қарағанда тиімдірек болатыны заңдылық”, — деді.
Шейхтің айтуы бойынша, Иран тұрмыстық техника өндірісінде өзін-өзі қамтамасыз ету және ішкі өндірісті жетілдіру бағытында дамып келеді.
Сонымен қатар, Иранның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрінің орынбасары өндірушілердің өнім сапасына ерекше назар аударуы қажет екенін баса айтып: “Бұл сала жаңа технологияларды, жасанды интеллектті және энергия тұтынуды басқару жүйелерін пайдалану арқылы өнім сапасын арттырып, қарапайым құрастыру деңгейінен өтіп, шетелдік өндірушілермен бәсекелесе алуы керек”,-деді.


















