Біріккен Араб Әмірліктерін соғысқа дейін сауда есеп айырысулары мен тауар транзитінің хабы ретінде таңдаған ирандық бизнесмендер бүгінде балама бағыт ретінде Қытайға бет бұруда.
Еуразия тудейдің хабарлауы бойынша АҚШның Ираға қарсы ашқан соғысына дейін Біріккен Араб Әмірліктерін сауда есеп айырысулары мен тауар транзитінің хабы ретінде таңдаған ирандық саудагерлердің көбі қазір басқа елдерге, әсіресе Қытайда орнығуды көздеп отыр.
БАӘ жуырда Иранмен сауда және қаржы операцияларын тоқтатқанын хабарлағаннан кейін, ирандық саудагерлер балама бағыттар мен елдерді қарқынды түрде іздей бастады.
Тегеран Сауда палатасының мүшесі Әли Шариати Фарс ақпарат агенттігінің тілшісіне БАӘ-дегі саудагерлердің 80 пайызы шынайы кәсіпкерлер, ал 20 пайызы валюта бағамының айырмашылығынан пайда тауып отырған жалған компаниялар болғанын айтып: «Ешқандай нақты қызметпен айналыспаған саудагерлердің бәрі БАӘ-ден кетті. Ал біз сияқты нақты кәсіпкерлер Иранның бірінші сауда серіктесі саналатын Қытайға өттік», — дейді.
Еске салайық, 5 күн бұрын БАӘ президенті Мұхаммед бен Заид Трамппен телефон арқылы сөйлескеннен кейін, осы ел Иранмен барлық сауда-саттық пен қаржылық операцияларды келесі хабарландыруға дейін тоқтататынын мәлімдеді.
Айта кетейік, соғысқа дейін Иранның БАӘ-мен саудасының 10 пайызы ғана осы елге тиесілі болып, қалған 90 пайызы басқа елдердің тауарлары еді. Ал БАӘ сол тауарлардың қаржылық транзакцияларын қамтамасыз етіп келген болатын.
Соғыстан кейінгі қазіргі уақытта Иран импортының басым бөлігі солтүстік бағытқа, сондай-ақ елдің шығысындағы құрлық және теміржол шекараларына ауыстырылды. Иран бұл бағыттардың инфрақұрылымын үздіксіз кеңейтіп жатыр.












