Ирандық делегация Ресейдің “Лотос” кеме жасау зауытының өндірістік қуатымен танысты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Ислам Республикасының делегациясы кеше, 7 қараша күні “Лотос” кеме жасау зауытының өндіріс алаңында болды.
Делегацияны Астрахан қаласындағы Иранның Бас консулы Ахмад Хейдариан бастап келді. Бұл туралы Ресейдің Оңтүстік кеме жасау және кеме жөндеу орталығы мәлімдеді.
Ирандық делегация металл өңдеу орталығын, дайындау және құбыр монтаждау алаңдарын аралады.
Цехпен танысу барысында Каспий теңізінде жұмыс істеуге арналған 00108 жобасы бойынша салынып жатқан контейнер таситын кемелер сериясына ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, делегация қазіргі уақытта теңіз сынақтарына дайындалып жатқан RSD49 “Каспий жағалауы” жобасының құрғақ жүк тасымалдауға арналған кемесімен танысты.
Кездесу соңында Астрахан қаласындағы Иранның Бас консулы елінің Ресейдің кеме жасау саласына деген қызығушылығы мен осы бағыттағы ынтымақтастық мүмкіндігін айтты.



















