Иран Қарулы күштері Бас штабының басшысы генерал-майор Мохаммад Бақери елінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің мүмкіндіктері айтарлықтай артқанын айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Мохаммад Бақери радиолокациялық және бақылау жүйелерінің саны өткен жылмен салыстырғанда бес есеге, кейбір бағыттар бойынша жау ұшақтарын ұстап алу және жою мүмкіндігі 2–3 есеге артқанын айтты.
Мохаммад Бақери бұл туралы Біріккен Әуе қорғаныс күштері қолбасшылығының жедел штабының отырысында сөйлеген сөзінде мәлімдеп, марқұм Сейед Ибраһим Раисиді және онымен бірге болғандар мен қызмет барысында қаза тапқандарды еске алды.
Генерал-майор Бақери отырыстың мақсаты армияның, Әуе қорғаныс күштерінің және Ислам революциясы Сақшылар корпусының әуе-ғарыш күштері мен Біріккен Әуе қорғаныс күштері қолбасшылығының дайындық деңгейі мен жетістіктерін бағалау екенін айтып: “Бүгін біз елдің әуе қорғанысының мүмкіндіктері және жауынгерлік дайындық деңгейінің айтарлықтай артқанын көріп отырмыз”,- деді.
Ол соңғы бір жылда радиолокациялық және барлау жүйелерінің санының біршама артқанын, сондай-ақ жаудың әуе нысандарын қағып түсіру және жою бойынша әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің жауынгерлік мүмкіндіктерінің жоғарылағанын айтты.
Иран Қарулы күштері Бас штабының басшысы осал тұстарды анықтау және әлсіз тұстарды жою саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілгенін айтып: “Басқару және қолбасшылық жүйелері өз міндеттерін тиімді орындап жатыр. Елдің әуе кеңістігі тұрақты бақылауда. Қарулы күштер де толық дайындық жағдайында”, — деді.



















