Иранның оңтүстігіндегі кен орнынан миллиардтаған долларлық жаңа табиғи газ қоры табылды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иранның Мұнай министрі Мохсен Пакнежад Оңтүстік Парс аймағында табиғи газ қоры анықталғанын мәлімдеді.
Пакнежад бұл туралы Иран мемлекеттік телеарнасының эфирінде сөйлеген кезінде мәлімдеп, табиғи газдың жалпы көлемі шамамен 7,5 триллион текше фут екенін айтты.
Газ өндіру коэффициенті 72 пайыздан асатынын ескерсек, бұл кен орнынан алынатын нақты газ көлемі шамамен 5,7 триллион текше фут болуы мүмкін.
Министр Мохсен Пакнежадтың айтуы бойынша, бұл қор Оңтүстік Парс кен орнының бір фазасы 15 жыл ішінде өндіре алатын табиғи газ мөлшеріне тең. Министр жаңа ресурстардың Иранның энергетикалық әлеуетін едәуір арттыратынын айтты.
Пакнежад анықталған газдың «құрғақ газ» санатына жататынын мәлім етті. Оның сөзінше, мұндай газды қайта өңдеусіз немесе аз мөлшерде тазартқаннан кейін тікелей тасымалдауға болады. Бұл өз кезегінде кен орнын игеру және пайдалану шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, министр жаңадан табылған табиғи газбен бірге газ конденсатының да едәуір көлемі бар екенін мәлімдеді. Пакнежадтың айтуы бойынша, бұл ресурстар газдың өзіндік құнынан бөлек, Иран экономикасына ондаған миллиард доллар көлемінде жаңа экономикалық пайда әкелуі мүмкін.
Оңтүстік Парс — Иранның Парсы шығанағындағы аса ірі газ кен орындарының бірі және елдің энергетикалық жүйесі үшін стратегиялық маңызға ие.


















