Иранның қорғаныс саласындағы жетістіктері Vietnam Defence Expo 2024 көрмесінде көрсетіледі.
Еуразия Тудейдің ИРНА агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, 19 желтоқсанда ашылған Vietnam Defence Expo 2024 екінші халықаралық қорғаныс көрмесіне Иранды қосқанда 27 елден 140-тан астам вьетнамдық және шетелдік кәсіпорындар қатысуда.
Кеше, Иранның Қорғаныс министрінің орынбасары генерал Маһди Фараһи бастаған Иран Ислам Республикасының делегациясы көрменің ашылу салтанатына қатысты.
Көрменің ашылуында Вьетнам Премьер-министрі Фам Мин Тинь және басқа да вьетнамдық жоғары лауазымды тұлғалар болды.
Иран Ислам Республикасының осы іс-шараға қатысуы қорғаныс технологиялары мен қауіпсіздігі саласындағы халықаралық ынтымақтастығын дамытуға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ Иранның қорғаныс өнеркәсібінің жоғары жетістіктері және озық технологиялары мен жабдықтарын әлемдік аренада ұсынудағы ұмтылысын көрсетеді.
Иран аталмыш көрме арқылы басқа елдермен қорғаныс қарым-қатынасын нығайтуға, технологияларды тасымалдауға және бірлескен ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік жасауға ұмтылуда.
Ханойдағы Зялам әскери аэродромында ұйымдастырылған көрме 22 желтоқсанға дейін жалғасады.



















