Өткен аптада президенттік сайлауда жеңіске жеткен Масуд Пезешкианның инаугурациясы 30 шілде күні өтеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран парламенті президиумының мүшесі Моджтаба Юсефи мәлімдеді: «14-ші президенттік сайлауда жеңіске жеткен Масуд Пезешкианның ұлықтау рәсімі сейсенбі, 30 шілде күні өтеді».
Юсуфи заң бойынша ұлықтау рәсімі Иран парламентінің ғимаратында Жоғарғы сот төрағасының, Сот билігі басшысының және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар мен әскери қызметшілердің қатысуымен өткізілетінін атап өтті. Сондай-ақ, ол іс-шараға шетелдік қонақтар қатысатынын айтты.
Еске сала кетейік, 5 шілдеде Иранда мерзімінен бұрын президенттік сайлаудың екінші кезеңі өтті. Сайлау нәтижесі бойынша, реформатор, бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Масуд Пезешкиан 53,6 дауыс жинап, жеңіске жетті.



















